Аргентинада теңіз көлігі қызметкерлері еңбек реформасына қарсы ереуілге шықты

Фото: Белта

АСТАНА. KAZINFORM — Аргентинада теңіз көлігі саласының қызметкерлері 48 сағаттық ереуілге шықты. Бұл наразылық шарасы жүк кемелерінің қозғалысына және елдің порттық инфрақұрылымының жұмысына әсер ете бастады. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасап, Белта агенттігі хабарлады.

Ереуіл президент Хавьер Милей ұсынған еңбек реформасы туралы заң жобасына қарсылық ретінде ұйымдастырылды. Аталған бастама аргентиналық кәсіподақтардың қатаң сынына ұшырады. Олардың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер жұмысшылардың қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктерін әлсіретеді.

Ереуілге байланысты коммерциялық кемелерге жүк тиеу-түсіру жұмыстары және басқа да қызметтер тоқтап тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын әлемдегі ірі орталықтардың бірі саналатын Росарио порт аймағында іркілістер айқын сезілуде. Порт бизнесінің өкілдері кейбір кемелер қызмет көрсету шектеулеріне байланысты жөнелтілуін кейінге қалдыруы мүмкін екенін айтады.

Еңбек реформасы туралы заң жобасын Аргентина сенаты мақұлдаған. Құжатта жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу тәртібін өзгерту, жыл сайынғы демалысты кемінде жеті күннен бөліп беру мүмкіндігі, сондай-ақ жалақыны қолма-қол емес есеп айырысу арқылы ұлттық немесе шетел валютасында төлеу қарастырылған.

Сонымен қатар, заң жобасы жұмыс берушілер үшін икемділікті арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, еңбек даулары бойынша сотқа жүгіну негіздері қысқартылып, ереуіл өткізу құқығына шектеулер енгізіледі.

Бұдан бөлек, «сағат қоры» деп аталатын жүйені құру ұсынылған. Бұл жүйе бойынша қажет болған жағдайда қызметкер жұмыс орнында қосымша бірнеше сағат қалып, есесіне кейінірек көбірек демалыс сағатын ала алады.

Айта кетейік, АҚШ-та шамамен 15 мың медбике ереуілге шыққан еді.