Сот отырысында оқиғаны өз көзімен көрген куәгерлердің бірі сұралды.
«26 қыркүйекте кешкі 17:30 шамасында гараж жақтан қалалық ІІД ғимаратына қарай көлігіммен келе жаттым. Жыраның тұсынан өтіп бара жатқанда екі полиция қызметкері бір-бірін жұлқылап жатты. Берістемов Сәбитті жұлқылады. Сосын мен тапаншаның даусын естідім. Біраз алға жүріп, тоқтадым. Артқы айнадан адамдардың бәрі сол жаққа жиналып қалғанын байқадым. Сосын ары қарай өз жұмысыммен кете бердім. 40 минуттан соң қайтып келгенде Сәбит Бегланұлын ауруханаға алып кеткенін, Берістемовтың ұсталғанын естідім», - деді жол полициясының қызметкері Дархан Балғымбаев.
Куәгер сотталушы Берістемовты танитынын айтты. Олар 2014 жылы университетте бірге оқыған екен.
«Біз жақсы араластық. Қайтыс болған жігітті мен танымаймын», - деді ол.
Сонымен қатар, Берістемовтың жұбайы қайын сіңлісі мен күйеу баласы жайлы айтты.
«Мен 2015 жылы келін боп түстім. Сол сәттен бастап Сәбитті, оның әйелін - өзімнің қайынсіңлімді танимын. Ол кезде олардың екі қызы бар еді. Біз бір шаңырақта тұрдық, бір дастарханнан ас іштік, мерекелерді бірге атап өтетінбіз. Бір жылдан соң Сәбит мемлекеттік бағдарламамен үй алып, бөлек кетті. Мен олардың қалай өмір сүріп жатқанын білмеймін. Әкесінің өлімінен соң Азамат күйзеліске түсті. Үйдегі барлық проблема соның мойнына артылды. Осының бәрі қайғылы оқиғаға душар етті деп ойлаймын. Қайынсіңліммен арақатынасымыз жақсы. Мен оны жақсы көремін», - деді Айжан Берістемова.
Мұның алдында полиция департаментінің психологы Азамат Берістемовтың психологиялық ахуалы туралы айтып берген болатын. Оның айтуынша, сотталушы әкесінің өлімінен соң психологиялық жіті бақылау тобына енген.
Айта кету керек, оқыс оқиға 2018 жылы 26 қыркүйекте болған еді. Полиция инспекторы Азамат Берістемов өзінің күйеу баласы әрі әріптесі Сәбит Бегланұлын атып тастаған болатын.