«Көкшетау қалалық сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысына сәйкес, Баймұрзинге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 27 наурызға дейін ұзартылды», - деп атап өтілген көкшетаулық сот мәліметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақмола облыстық ІІД бұрынғы қызметкері, полиция майоры Жәнібек Баймұрзинге қатысты қылмысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы 25 желтоқсан күні Көкшетау қалалық ІІБ қызметкері, аға лейтенант Дархан Еламанов кезекшіліктен шыққан соң, ізім-қайым жоғалып кетеді. Кейін Дарханды жабылып іздеген жақындары мен облыстық ІІД қызметкерлері бірер күннен кейін өлі денесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан табады. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтайды. Кейін 26 желтоқсанда Ақмола облыстық ІІД қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 2016 жылдың 25 желтоқсанында жоғалып кеткен аға лейтенант Дархан Еламановты өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкері, 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзинді ұстайды. Сол кезде күдіктінің берген түсініктемелеріне қарағанда, ол бұл қылмысқа жеке жек көруден барған көрінеді.
Осылайша күдікті екі айға уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстінен ҚРҚК «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалады. Қазіргі кезде, қылмыстық істі тергеу аясында кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жақында Көкшетау қалалық сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысына сәйкес, Баймұрзинге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 27 наурызға дейін ұзартылды.