Армения бейбітшілік қағидаттарына негізделген Төртінші Республика болады — Пашинян
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Армения бейбітшілік қағидаттарына сүйенетін Төртінші Республикаға айналады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, Үшінші Республика кезеңінде (2018 жылы, президент Серж Саргсян тұсында) қабылданған Конституция халықтың еркін білдірмейді және бейбітшілік қағидаттарына негізделмеген. Пашинян жаңа Конституция дәл осы құндылықтарға сүйенетінін атап өтті.
— Көпшілігі «Үшінші мен Төртінші Республиканың айырмашылығы неде?» деп сұрайды. Айырмашылық мынада: Үшінші Республика қақтығыс логикасына, ал Төртінші — бейбітшілік логикасына негізделеді. Үшінші республикада Конституцияны халықтың еркін білдіру және дауыс беру арқылы қабылдау үлкен күмән тудырады, ал төртінші республикада мұндай күмән болмауы керек. Үшінші Республикада биліктің халыққа тиесілі болуы шартты әрі формальды сипатта болса, Төртіншісінде ол айқын әрі даусыз болуы керек. Соңында айтарым: Үшінші Республика — Отан туралы арман мен оны іздеу кезеңі болса, Төртінші Республика — Армения Республикасы — біздің арманымыздағы Отан екенін және енді оны іздеудің қажеті жоқ екенін білдіреді, — деді Пашинян.
Айта кетейік, Бірінші Армения Республикасы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1918–1920 жылдары болды. Екінші Республика 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, бұл уақытта ел парламенттік басқару жүйесіне көшті. Үшінші Республика 2018 жылдан бері әрекет етіп келеді.
Бұған дейін премьер-министр Никол Пашинян егер сот бейбіт келісім қолданыстағы Конституцияға қайшы деп таныса, ол конституциялық түзетулер енгізуге дайын екенін мәлімдеген болатын.