Армения мен АҚШ TRIPP жобасын іске асыруға кірісті

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Армения премьер-министр Никол Пашинян «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасын нақты іске асыру кезеңі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: arvak.am

Ол атап өткендей, бұл – Армения тәуелсіздік алғаннан бері жүзеге асыратын ең ірі экономикалық бағдарламалардың бірі.

— Армения мен АҚШ үкіметтері бірлесіп қолға алған TRIPP жобасын нақты жүзеге асыру кезеңі басталғанын жариялау мен үшін үлкен мәртебе. Дайындық жұмыстары Арменияның Сюник облысында басталады, - деді Армения үкіметінің басшысы.

Фото: primeminister.am

 

Оның сөзінше, былтыр 8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамптың ұйымдастыруымен өткен Вашингтондағы бейбітшілік саммиті Оңтүстік Кавказдағы жағдайды түбегейлі өзгертуге негіз болды. Армения мен Әзербайжан жетекшілері қол қойған декларация ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа жол ашты.

— Әзербайжанды осы елдің Нахчыван автономиялық республикасымен байланыстырумен қатар, TRIPP Армения үшін халықаралық және ішкі көлік байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді. Жоба өңірлік және халықаралық тұрғыдан да аса маңызды. Ол Транскаспий сауда дәлізі мен Батыс–Шығыс бағытын дамытуға қосымша серпін береді, – деді Армения премьер-министрі.

Никол Пашинянның пікірінше, TRIPP бейбітшілік мәселесімен қатар, Арменияның экономикалық дамуы үшін де айрықша маңызға ие. Бүгінде инвесторлар, серіктес мемлекеттер және халықаралық қаржы институттары жобаға қызығушылық білдіріп жатыр.

Никол Пашинянның мәлімдемесінен кейін көп ұзамай АҚШ президенті Дональд Трамп Армения үкіметінің басшысына бейнеүндеу жолдап, ел халқын жобаның ресми басталуымен құттықтады.

— Мен премьер-министр Никол Пашинянның батыл көшбасшылығын ерекше атап өткім келеді. Ол бейбітшілік жолын таңдап, Армения мен Әзербайжан арасындағы ұзаққа созылған қақтығысты тоқтату үшін бізбен бірге жұмыс істеді, – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, Армения мен АҚШ арасындағы серіктестік өңірде тауарлар мен энергия ресурстары үшін жаңа сауда бағыттарын қалыптастырады.

Сондай-ақ Дональд Трамп келесі жылы Вашингтонда өтетін қайырымдылық таңғы асына қатысуға баратын Никол Пашинянды Ақ үйде қабылдауға ниетті екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бүгін Армения үкіметі жаңа Конституцияның жобасын жариялады.

Қоса кетсек, 12 қарашада Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев Дублинде келіссөз жүргізген еді.