Армения үкіметі жаңа Конституцияның жобасын жариялады
ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян жаңа Конституцияның жобасын жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Осы ретте құжатпен танысу және азаматтардың ұсынысын қабылдау үшін арнайы сайт іске қосылды.
— Құрметті Армения Республикасының азаматтары! Сайт әрбір азаматтың Конституция жобасымен танысып, өз ұсыныстарын білдіруі үшін іске қосылды, — деп жазды Никол Пашинян әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жаңа Конституция жобасының кіріспе бөлімінде Армения халқының мемлекеттілікті сақтау және дамыту, халықаралық деңгейде мойындалған аумақта тәуелсіз, қауіпсіз әрі өркендеген мемлекет құру мақсаты жайлы жазылған.
— Біз, Армения Республикасының халқы, мемлекеттілігіміздің мәңгілігі мен дамуы жолында, халықаралық деңгейде мойындалған аумағымызда тәуелсіз, бейбіт, қауіпсіз әрі өркендеген мемлекет құру миссиясын басшылыққа ала отырып және осы мемлекетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндетін сезіне отырып, Армения Республикасының Конституциясын қабылдаймыз, — делінген құжатта.
Еске салайық, жақында Никол Пашинян халық жаңа Конституцияны қолдамаса, онда отставкаға кететінін мәлімдеп еді.
Мұнымен бірге ол жаңа Конституцияны қабылдау барысында оппозициямен өзара түсіністік табылмаса, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан болатын.