Армения мен Түркия өзара қарым-қатынасты жандандыруға ниетті

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Анталья қаласында өткен COP31 көшбасшылар саммиті аясында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: primeminister.am

Режеп Тайип Ердоған Армения үкіметі басшысының Антальяға сапарын және оның көшбасшылар саммитіне қатысуын жоғары бағалады. Өз кезегінде Никол Пашинян Түркия президентін іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен құттықтады.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыру мәселесін талқылап, ол үшін нақты қадамдар жасауға бейіл екенін атап өтті. Олардың ойынша, бұл бағыттағы жұмысты сапалы жалғастырып, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту маңызды.

Никол Пашинян мен Режеп Тайип Ердоған өңірдегі ахуалға қатысты да пікір алмасты. Әсіресе, Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшіліктің орнауы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.

Сонымен қатар тараптар көлік дәліздерін ашу мәселесін, оның ішінде TRIPP жобасын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды талқылады.

Еске салайық, жақында Никол Пашинян Армения мен Түркияның таяу жылдары дипломатиялық қарым-қатынас орнататынына сенім білдірген еді.