ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения мен Түркия таяу жылдары дипломатиялық қарым-қатынас орнататуға ниетті. Бұл туралы Дүниежүзілік армяндар саммитінде сөз сөйлеген премьер-министр Никол Пашинян айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
— Армения мен Түркия әлі дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан жоқ. Алайда мен таяу жылдары екі ел арасында бір-бірінің аумақтық тұтастығын, егемендігі мен шекараларын өзара тану негізінде дипломатиялық қатынас орнатылатынына ниет білдіремін және сенемін, — деді Армения үкіметінің басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения мен Түркия өзара саудадағы кедендік рәсімдерді тікелей жүргізуге көшті.
Қоса кетсек, таяуда Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің Еуропа Одағына кіруге 2027-2028 жылдары өтініш беруі мүмкін екенін айтты.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.