Армения Түркия арқылы Еуропаға теміржол қатынасын ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ахалкалаки–Карс теміржолының жүк тасымалы үшін толық іске қосылғанын мәлімдеді, деп Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Minval.az

— Армениядан экспорт пен импорт үшін Ахалкалаки–Карс теміржолы, сондай-ақ Әзербайжан арқылы өтетін теміржол желісі де ашылғанын қуана хабарлаймын. Бұл біздің елдің экономикалық өміріндегі маңызды оқиға. Түркия мен Грузиядағы серіктестерге алғыс айтамын, — деді Пашинян.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Арменияның Ресеймен Грузия аумағы арқылы, сондай-ақ Әзербайжан арқылы теміржол қатынасы бар. Сонымен қатар Қытаймен Ресей және Қазақстан арқылы байланыс қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, Грузия және Түркия аумақтары арқылы Еуропалық одақпен теміржол қатынасы іске қосылған.

— Болашақта Армения–Түркия, Армения–Әзербайжан, кейіннен Нахичевань арқылы Армения–Иран теміржолдарының ашылуы күтілуде. Біз бұл оқиғалардың жақын болашақта TRIPP жобасының жүзеге асуы нәтижесінде куәсі боламыз, — деп жазды премьер-министр Telegram-арнасында.

Кейін ол Ширак облысындағы Сарнагбюр елді мекенінде өткен сайлауалды науқан аясындағы сөзінде Гюмри–Акьяка (Түркия) және Ерасх теміржол учаскелерін қайта жаңарту басталатынын айтты.

— Түрік тарапында жұмыстар қазірдің өзінде басталды, теміржол ашылады. Біз де Ерасх торабын жаңартуға кірісеміз. Үкімет мұны өз мойнына алады. Концессиялық келісім болғанына қарамастан, біз қаржы бөліп, жолды жөндеп, қайта қалпына келтіреміз, теміржол қатынасы ашылады, — деді ол.

Бұған дейін Әзербайжан мен Грузия алты жылдық үзілістен кейін теміржол қатынасын қайта бастағаны хабарланған еді.