Армения үкіметі 2027 жылы бюджет тапшылығын 3,4%-ға дейін төмендетуге ниетті

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Келер жылы Арменияда салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі 0,6 пайыздық тармаққа артады. Бұл туралы «2027 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында елдің Қаржы министрі Ваге Ованнисян айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ведомство басшысының мәліметінше, 2027 жылы күрделі шығыстар ішкі жалпы өнімнің 5,7 пайызына теңеледі. Ал бюджет тапшылығы 4,5%-дан 3,4%-ға дейін төмендейді. Бұл ретте елдің қарызы ішкі жалпы өнімнің 47% деңгейінде тұрақтанып, алдағы бірнеше жылда экономикалық өсім 6% шамасында болады.

— Ал 2029 жылы салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 25,7%-ға жетеді, күрделі шығыстар 5,9% дейгейінде болса, мемлекеттік қарыз 46,4%-ға дейін төмендейді және бюджет тапшылығы 2%-дан аз болады, — деді Ваге Ованнисян.

Айта кетейік, бұл күндері Армения парламентінің тұрақты комиссиялары «Армения Республикасының 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджеті туралы» заң жобасын бірлесіп талқылап жатыр.

Еске салайық, қазан айында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында дайындаған бірлескен баяндамасы жарияланды. Онда Арменияның ЕАЭО-дан шығуы ел экономикасына қалай әсер етуі ықтимал екені жайлы болжам жасалған.