ЕАЭО елдерінің басқа бір мүше мемлекетті ұйымнан шығаруға құқығы жоқ - Пашинян
ЕРЕВАН. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің ұйымға мүше басқа елді оның құрамынан шығаруға құқығы жоқ. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз маслихатында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Брифинг барсында ол Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында әзірлеген Арменияның ұйымнан ықтимал шығуына қатысты баяндамасына пікір білдірді.
- Одақ елдерінің басқа бір мүше мемлекетті ұйымнан шығаруға құқығы жоқ екені анық. Мұндай мүмкіндік Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында (ҰҚШҰ) бар. Осы ретте ЕАЭО мемлекеттерінің барлығы дерлік ҰҚШҰ-ға да мүше екенін ескерсек, Арменияны неліктен оның құрамынан шығармайтыны қызық, - деді премьер-министр.
Никол Пашинян баяндамада келтірілген деректер мен жасалған болжамдарға да тоқталды.
- Біз бұл деректер мен болжамдарды әлі де зерделейміз. Біз Арменияның үздіксіз дамуын қамтамасыз ету, тәуелсіздік пен егемендікті сақтау және сыртқы байланыстарды әртараптандыруға басымдық береміз. Біз осы бағыттағы саясатымызды жалғастырамыз, - деді Армения үкіметінің басшысы.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында дайындаған бірлескен баяндамасы жарияланды. Онда Арменияның ЕАЭО-дан шығуы ел экономикасына қалай әсер етуі ықтимал екені жайлы болжам жасалған.