Арменияның ЕАЭО-дан шығуы ел экономикасына қалай әсер етпек – одақ мемелекеттерінің болжамы
ЕРЕВАН. KAZINFORM – Арменияның Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) шығуы ел экономикасының 15,6%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай болжам Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында дайындаған бірлескен баяндамасында көрсетілген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Құжатта жазылғандай, былтыр Арменияның ЕАЭО елдерімен сауда-саттығы 7,9 млрд доллар болған. Оның ішінде ресми Ереванның экспорты 3,1 млрд долларға теңелсе, импорт 4,8 млрд долларға жетті. Бұл ретте Арменияның жалпы тауар айналымындағы ЕАЭО-ның үлесі 37,8% шамасында.
- Армения ЕАЭО-ға мүшелігін тоқтатқан жағдайда, оның одақ елдерімен жиынтық тауар айналымы 4,4 млрд долларға немесе 2025 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 55,6%-ға қысқарады. Яғни, 7,9 млрд доллардан 3,5 млрд долларға дейін төмендейді, - делінген баяндамада.
Болжамға сай, Армения одақ аясындағы серіктестіктен бас тартқан жағдайда елдің ішкі жалпы өнім көлемі - 15,6% ($4,6 млрд), тауар мен қызметтер экспорты - 41,6% ($6 млрд), ал импорт 27,1%-ға ($4,8 млрд) қысқаруы мүмкін.
- Сонымен қатар ЕАЭО елдерінен Арменияға бағытталған ақша аударымдарының көлемі 3,9 млрд доллардан 1,8 млрд долларға дейін азаяды. Бұған қоса, газ импортның құны 69%-ға өсіп, 657,5 млн долларға дейін ұлғаюы мүмкін, - деген болжам жасалған баяндамада.
Еске салайық, таяуда ЕАЭО мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім күшіне енді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық ғылыми атақтар ЕАЭО елдерінде мойындалады.