Арменияда тиісті білімі жоқ косметологтарға қатысты жаза күшейеді

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Арменияның Денсаулық сақтау министрлігі косметологиялық қызметтерді лицензиялау талаптарын қатаңдатып, тиісті рұқсатсыз қызмет көрсеткендерге салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтуды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: pexels.com

Аталған мәселені парламент депутаты Арусяк Манавасян көтерді. Оның айтуынша, күрделі косметологиялық процедураларды медициналық білімі жоқ, тек қысқа мерзімді курстардан өткен адамдар жиі жасап жүр.

Осы ретте Денсаулық сақтау министрі Анаит Аванесян мұндай заңбұзушылықтардың әлі де тіркеліп жатқанын растады. Ведомствоның жоспарына сәйкес, мамандардың біліктілігі мен оларды лицензиялау ережелері ғана емес, сондай-ақ медициналық қызмет көрсететін мекемелерге қойылатын талаптар да күшейеді.

— Мұндай қызметтерді тек тиісті лицензия алған мамандар ғана көрсете алады. Бұл қазіргі уақытта өте өзекті мәселеге айналып бара жатыр, — деді министр.

Сондай-ақ Анаит Аванесян ережені елемей, косметологиялық қызмет көрсеткендерге қолданылатын жауапкершілікті күшейту, соның ішінде айыппұл мөлшерін арттыру мәселесі де қарастырылатынын жеткізді.

Бұған дейін Арменияда балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейетінін жазған едік.

Қоса кетсек, 28 қазанда Армения парламенті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және одан зардап шеккен адамдарды қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.