Арменияда балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейеді

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Арменияда балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдату ұсынылды. Тиісті заң жобасын Ішкі істер министрінің орынбасары Армен Мкртчян парламенттің мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиясының отырысында таныстырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Арменияда балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейеді
Фото: pexels

Заң жобасына сәйкес, жәбірленушімен татуласу немесе жасаған ісіне өкіну негізінде мұндай әрекетке барған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салу көзделген. Осы ретте ведомство өкілі медиация бойынша тоқтатылған істердің санын жариялады. Мәселен, 2023 жылы - 7, 2024 жылы - 4, ал 2025 жылы 7 іс татуласумен аяқталған.

Армен Мкртчян атап өткендей, мұндай қылмыстардың құрбандары көбіне 16 жасқа толмағандар, тиісінше мемлекет оларды ерекше қорғауға алуы тиіс. Осыған байланысты балаларға қатысты жасалған жыныстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін алып тастау ұсынылып отыр.

Мұнымен бірге министрлік өкілі жезөкшелікке тартылған кәмелетке толмағандардың қызметін пайдаланғандарға жауапкершілік енгізу бастамасын көтерді.

Еске салайық, 28 қазанда Армения парламенті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және одан зардап шеккен адамдарды қорғауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Қоса кетсек, таяуда Арменияда депутаттар арасында болған төбелеске байланысты қылмыстық іс қозғалды.