Армения Жаңа Конституция қабылдау үшін кезектен тыс парламент сайлауын өткізуі мүмкін

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Армения премьер-министрі Никол Пашинян жаңа Конституцияны қабылдау барысында оппозициямен өзара түсіністік табылмаса, кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастыратынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Topchubashov center

- Таяуда жаңа Конституцияның жобасын жариялап, оны талқылауды бастаймыз және құжатты парламенттің қарауына енгіземіз. Сондай-ақ оппозициядағы әріптестерімізді бұл мәселенің аса зор маңызға ие шешім екеніне және оның Арменияның тұрақтылығын сақтауға бағытталғанына сендіруге тырысамыз. Ол үшін тиісті күш саламыз. Алайда бұл нәтиже бермесе, кезектен тыс сайлау өткізу сияқты нұсқаларды қарастырамыз. Мұндай сценарийді жоққа шығаруға болады деп кім айтты? - деді Армения үкіметінің басшысы.

Еске салайық, бүгін Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің ұйымға мүше басқа елді оның құрамынан шығаруға құқығы жоқ екенін мәлімдеп еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, таяуда Армения парламентінде депутаттар төбелесті.