- Біз Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаладық. Бірақ «арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз» деп ойлау қателік болар еді.
Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды, - деді Мемлекет басшысы.
Президент бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет екенін атап өтті. Яғни, арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі керек.
- Қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс.
Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни, экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президент Қонаев қаласының ифрақұрылым құрылысын сынға алды.