Арнаулы оқу орнындағы жастардың көзінде от бар - жаттықтырушы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Балалар үйінің тәрбиеленушілері ұялы телефон ұстағанымен, олардың араласатын ортасы өте тар. Сондықтан олар бар зейінін спортқа арнайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтөбедегі Жайсаң көпсалалы колледжінің оқытушысы Ерболат Нығметұлы айтып берді.

- Жайсаң көпсалалы колледжі дамуы тежелген, мінезі қиын, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері білім алатын арнаулы оқу орны. Балаларды спортқа баулуда қандай қиыншылықтарға тап боласыздар?

- Жайсаң арнаулы мектеп-интернатынан, №7 арнаулы мектебінен дамуы тежелген балалар біздің колледжде білім алады. Олармен жұмыс істеу қиын емес. Олар да қарапайым балалар, тек ақыл-есінде ауытқулар бар. Бір жақсысы, басқа балаларға қарағанда колледжде білім алатын балалар шыдамды әрі табанды. Ата-анасы бар, бауыры бүтін, ақыл-ойы қалыпты балалар кейде селсоқ жүреді. Ал мына балалардың көзінде от бар. Балалар ұялы телефонға үйір емес, теледидарды көп қарамайды. Біздің ұтатын тұсымыз да осы. Олар кез келген уақытта колледж жатақханасынан шығып, ойынға араласа алады. Мен 20 жылдан бері Жайсаңдағы арнаулы білім ордасында жұмыс істеп жүрмін. Қазір біз де бала сияқтымыз. Олармен тең дәрежеде сөйлесіп, бірге ойнаймыз. Мұндағы оқушылар қысым жасағанды ұнатпайды. Кейде футбол алаңында ойыншы алмасса ренжіп, ашуланады. Кейін басылып қалады. Республикалық жарысқа барғанда 8-9 ойыншыны аламыз. Сол кезде неге ол, неге мен емес деп сөз таластырады. Біз жарысқа баратын ойыншылар құрамын жиі алмастырып отырамыз. Бұл жерде жас спортшыларға психологиялық тұрғыдан да көмек көрсетіп жатамыз.

- Колледж оқушылары қайда жаттығады?

- Бізде «Олимп» спорт кешені бар. Күндіз де, кешке де жаттыға береміз. Спорт зал үнемі ашық тұрғандықтан доп қуып, футбол ойнаймын деген балаларға ешқандай шектеу жоқ. Жазда түнгі сағат онға дейін алаңда жүреміз. Қыста шағын футбол ойнайды. Ойыншылардың ынтасы жоғары. Бір жағынан колледж оқушылары жатақханадағы бөлмеде ермек таппай, сандалып кетеді. Сол кезде бәрі далаға шығып, алаңға келеді. Ойнай алмайтындары да жүреді. Екі жылда оқушылардың шеберлігі шыңдалады.

- Колледж оқушылары жазғы демалысқа шыға ма?

- Ата-анасы, үйі бар оқушылар жазғы демалысқа шығып, отбасына оралады. Ал жетім балалар колледжде қалады. Бізде 23 жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олар үнемі жатақханада болады. Ал колледжде 254 оқушы бар.

- Қыздар спорттың қай түрімен шұғылданады?

- Қыздар да футбол ойнайды. Колледжде футболдан ерлер арасында екі команда, ал қыздар арасында бір команда жасақталған. Үздіксіз уақытпен санаспай жаттығу жасайтын футболшылардың жетістігі де жоғары. 2015 жылы ер балалар футболдан еліміз бойынша бірінші орын алды, өткен жылы екінші орынға ие болды. Ал футболшы қыздар арнаулы мектептер арасындағы жарыста үнемі бірінші орын алып келеді. Сөйтіп олар Алматы, Астана, Өскемен, Атырау сияқты бірнеше қаланы көрді. Жарыс балалардың ынтасын арттырады. Жеңімпаз болып, оқу орнына барған соң өз әсерімен бөліседі. Сол кезде өзге оқушылар ынталанып, адамдармен араласып, жер көріп, танысу үшін бар күшін салады. Футболшылар құрамы үнемі өзгеріп отырады. Себебі, колледжде тек екі жыл білім алады. Бізде волейбол, баскетбол, үстел теннисі де жақсы дамыған. Балалары бір жылда теннисті жетік меңгеріп, облыстық жарысқа 6 спортшы келсе, бәрі бірінші орынды иеленіп қайтады. Республикалық жарыстардан да жүлделі оралып жүрміз. Суда жүзуден де жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

- Бассейн бар ма?

- Бізде бассейн жоқ. Балалар жазда өзенге шомылып, жетістікке жетіп жүр. Өткен жылы арнайы білім ордалары арасында өткен республикалық жарыс кезінде 5 оқушы бірінші орын алды. Биыл облыстық байқау кезінде 21 медальді жеңіл алдық. Оның 11-і алтын.

- Жайсаң колледжінде қандай мамандықтар бар?

- Ер балалар құрылысшы, қыздар тігінші мамандығын меңгереді. Колледж оқушылары арнайы мамандық иеленген соң оқуын қайта жалғастырады. Кейбірі болашақ мамандығын спортпен байланыстырып, орта, жоғары оқу орындарының спорт факультетіне түсіп жататындар кездеседі.