Арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілері таулы дайындықтан өтуде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы күштерінің Таулы даярлық орталығында альпілік және барлау бөлімшелері әскери қызметшілерімен оқу-әдістемелік жиындар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы күштерде жауынгерлік оқу шаралары Мемлекет басшысының әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүргізілу үстінде.

Жиынның негізгі мақсаты – тау кедергілерін еңсеру машықтарын жетілдіру, биік тауларда күрделі жағдайда жауынгерлік іс-қимылдар жүргізудің тактикалық әдістері мен тәсілдерін орындау.

Осындай сабақтар барысында жеке құрам таудағы даярлық деңгейін жетілдіріп қана қоймай, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде төзімділікті, шыдамдылық пен табандылықты нығайтады.

Бірқатар әскери қызметшілер тау даярлығынан нұсқаушы ретінде біліктілігін арттырып, альпинизм бойынша үшінші және екінші разрядтардың нормативтерін орындады.

Жиынды қорытындылаған Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Болат Жорабаев жеке құрамның оқу бағдарламасын сәтті орындағанын атап өтіп, әскери альпинистерге сертификаттар мен төс белгілер табыс етті.