Арнайы комиссия СҚО өзені мен көлдерінде балықтың қырылу себебін анықтады
СҚО бойынша Экология департаментінің мәліметінше, бүгін ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, Қызылжар ауданы Бугровое және осы аудандағы Пруд көлдерінде, Тайынша ауданының Чаглинка өзенінде балықтың қырылуына байланысты жүргізілген тексерістің қорытындысы жарияланды. Мамандардың болжамы расталды, су жәндіктері оттегі жетпей, тұншығып қырылған.
«Бұл су қоймаларының таяз жерлері ішінара қатып қалған. Салдарынан балық қырылған. Жергілікті атқарушы органдар Бугровое көлінен 550 кг, Пруд көлінен 150 кг және Чаглинка өзенінен 100 кг шамасында өлген балықты жинап алып, жойды. Бұдан былай балықтың қырылуына жол бермеу мақсатында Қызылжар ауданының Бугровое және Пруд көлдерінде мелиорациялық аулау жүргізу қажет. Жергілікті атқарушы орган осы су айдындарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізетін болады», - делінген департамент таратқан хабарламада.
Естеріңізге салайық, алдымен Қызылжар ауданының Бугровое көлінде мөңке балығының өлексесі табылды. Мамандар өңірдегі былтырғы қуаңшылық шағын көлдер суының тартылуына әсер еткенін айтты. Қыста олар түбіне дейін қатып, аэрация жұмыстары нәтиже бермеген. Кейін өңірдің тағы 6 су қоймасында балықтың қырылу дерегі тіркелді.