Солтүстік Қазақстандағы Бугровое көлінде мөңке балығы қырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бугровое көлінде мөңке балығы қырылып қалды. Себебін анықтау үшін мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстандағы Бугровое көлінде мөңке балығы қырылды

Мамандардың пайымдауынша, балықтардың қырылуына 2 фактор әсер етуі мүмкін.

«Соның бірі – көлдің қатуынан балықтарға ауа жетпеген. Екінші себебі – су құрамындағы тұз мөлшерінің шамадан тыс артуы. Қазір көл басында тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Комиссия судың сынамасын және балықтың ұшасын алып зерттейді», - дейді СҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері.

Айта кетейік, Қызылжар ауданында орналасқан Бугровое көлінің аумағы - 69 га. Су қоймасының тереңдігі - шамамен 1,5 метр. Негізінен мөңке балығы мекендейді. Елді мекен маңында орналасқанымен, көл жалға берілмеген, резервте тұр.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстанда тоған балығы жаппай қырылған еді.