«Қазір Үкімет пен мемлекет қойып отырған алғашқы шарттар – әрине, көмір және болат департаменттерінің өндірісіне инвестиция салау. Бұл – орындалуы керек бірінші шарт. Сондай-ақ негізгі қорларды жаңарту керек. Оның ішінде, ең алдымен, әрине, қауіпсіздік күшейтілуі қажет. Жаңа меншік иесінің алдына осындай шарттар қойылады», –деді Қарағанды облысының әкімі.
Әзірге көмір департаменті басшысының міндетін атқарушы болып Вадим Басин тағайындалды. Ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы аймақ басшысының өзі айтты.
«Иә, Вадим Басин облыс әкімдігіндегі қызметінен кетті», – деп растады Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 шахтер ауруханаға жеткізілді.
Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.
Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқанын айтты.
29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.