Артем Матусевич академиялық ескек есуден U23 әлем чемпионатының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл күндері Германияның Дуйсбург қаласында академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерацияның баспасөз қызметі.

Фото: Ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерация

Жартылай финал нәтижесінде Ұлттық құрама спортшысы Артем Матусевич жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сында жоғары нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Отандасымыз қашықтықты 07:07.75 секунд уақытында жүзіп өтіп, өте тартысты бәсекеде жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Артем өз тобында мәреге Жоао Велосодан (Португалия) кейін жетті.

Кеше Матусевич іріктеу кезеңінде де 2-орын алып, ТОП-12 қатарында тікелей жартылай финалға шыққан.

Айта кетейік, Артем - былтыр Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында ТОП-10 қатарынан (9-орын) көрінген атлет.

Кезең қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа енген ескекшілер финалда жүлдеге таласады. Ал 7-12 орындарды иеленгендер қалған орындар үшін бақ сынайды.

Сондай-ақ жуырда әлем кубогында жүлде алған Варвара Белоногова мен Тамара Первушкина жұбы жартылай финалда сынға түсті. Енді олар Б финалында 7-12 орынға таласады. Командамыздың тағы бір өкілі Ярослав Мельников С финалында 13-18 орындар аралығын сарапқа салады. Ал Ярослав Мельников пен Тимур Фомичев жұбы С финалында жарысты аяқтады.

Айта кетейік, чемпионатқа Қазақстан командасы сапында 5 спортшы аттанды. Барлығы Дуйсбург қаласындағы жарысқа 49 мемлекеттен 600-ден астам ескек есу шебері қатысып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін су добынан Қазақстанның U19 ерлер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын хабарлағанбыз.