Ақпарат комитетінің төрағасы Әлішер Мұқажанның айтуынша, мәдени іс-шараларды жүргізушілердің, оның ішінде асабалардың кәсіби этикасы мен өзін-өзі реттеу мәселесі тиісті кәсіби орта мен іс-шараны ұйымдастырушылардың жауапкершілігі аясында қаралады.
— Қоғамдық әдеп мәселесін тек әкімшілік шектеулер арқылы реттеу жеткіліксіз. Бұл ретте контент өндірушілердің, медиа және мәдениет саласы өкілдерінің кәсіби жауапкершілігін арттыру, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту және қоғамның ақпараттық мәдениетін қалыптастыру маңызды, — деді спикер.
Сондай-ақ ол министрлік ақпараттық мәдениетті арттыру, цифрлық кеңістікте жауапты мінез-құлық қалыптастыру және ақпаратты қауіпсіз пайдалану бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті асабалар мен әншілерге салық салуға қатысты түсінік берген еді.