Әсел Айтпаеваның өлімі: Қазақстан Грузияға тергеу тобын жібереді
«Таяу уақытта халықаралық келісімдерге сәйкес, ҚР Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Ішкі істер министрлігі Грузияға жедел тергеу тобын жібереді. Оның міндеті - орын алған қайғылы жайттың барлық мән-жайын зерделеу және грузин тарапымен сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша ақпарат алмасу», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Грузияда қайтыс болған Қазақстан азаматшасы Ә.Айтпаеваның ата-анасының шағымымен азмат М.Мейірбековке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 128-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
«Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді ол.
Еске сала кетейік, 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезесінің астынан табылған еді. Ол 9-қабаттан құлап мерт болған.
Кейіннен Грузия прокуратурасы қазақстандық қызды зорлау және өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу ісі бойынша айыптау шығарды.
16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінен мәлім еткендей, бойжеткеннің ата-анасының арызы бойынша оның туысы М.Мейірбеков ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабымен (адам саудасы) сотқа дейінгі тергеу басталды.