Спортшы ақтық бәсеке оңайға соқпағанын жасырмады.
- Бүгін сәттілік жетіспеді, бабым мен бағым келіспеген шығар. Өкінішке орай қытайлық қыз жеңіске жетті. Жалпы, финалдық жекпе-жек эмоцияналды түрде қиындыққа толы болды. Жарыстан тамаша әсер алдым, жылап та алдық. күліп те алдық,- деді Әсел Қанай.
Қазақстандық каратэші бүгінгі кездесудің қалай өткенін айтып берді.
- Қытай қызымен бірнеше рет айқастым. Біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз, ол да маған қарсы жақсы дайындалғанын байқадым. Соңғы рет Азия чемпионатында оны жеңген едім. Бүгін де оны жеңетініме сенімді болдым. Алайда, төрешілер шешімімен күміс жүлде бұйырды,- деді ол.
Әсел Қанай алдағы додаларда ел намысын абыроймен қорғауды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
- Алда Астанада Қазақстан чемпионаты бар, одан кейін келесі жылы әлем чемпионаты келе жатыр. Еліме алтын медаль сыйлаймын деп үміттенемін,- деді спортшы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Әсел Қанай әйелдер арасында 61 кг салмақта кумите бағдарламасында қытайлық Гун Лиға 8:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлде еншіледі.
Отандасымыз ширек финалда моңғолиялық Пуревжав Маралжингооны 9:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда камбоджалық Ван Чакрияны 3:0 есебімен қапы қалдырды.