Асханалардың ашылуы: Инфекционист маманнан кеңес

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева 18 мамырдан қоғамдық тамақтану орындарына барғысы келетін азаматтарға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін адамдардың бәрі де қуанып, жұмысқа шыққандарына тәубе айтып, шаттанып жатыр. Кейбірінің «жұмыс күнін – мерекеден кем күткен жоқпыз» дегенін де естіп қалдық. Әлбетте олар енді 18 мамырдан бастап ашылатын дәмханаларда бас қосады. Алайда біз бұл ретте қауіпсіздік ережелерін сақтауымыз керек. Барынша өзіңіз жақсы білетін, вирус жұқтырмағанына сенімді азаматтармен кездескен абзал. Әр адам коронавирус бойынша өз статусын білуі тиіс», - деді Динагүл Баешева Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парашасында берген онлайн сұхбатында.

Маманның айтуынша, қазір адамдардың алдында нақты өзіндік шешім тұр: азамат ауырғысы келе ме – бей-жай жүре берсін, сақтанғысы келе ме – қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.

«Қазірге дейін біздің елімізде клиникалы хаттаманың жетеуі қабылданды. Неліктен хаттама жиі өзгере береді? Қазақстанда ғана емес, бүкіл елде осылай. Себебі біз бұл инфекциямен бірінші рет бетпе-бет келіп отырмыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше ҚР Үкіметінің шешімімен 2020 жылғы 18 мамырдан бастап қонақ үйлер мен асханалардың жұмыс істеуіне рұқсат берілетіні хабарланған еді.