Ақтөбе облысы бойынша өте маңызды шешімдер қабылданды. Бұл тек әлеуметтік салаларды қолдауға ғана емес, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын өткендетуге негізделді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кезде құрылысы тоқтап қалған ғимараттарды қолданысқа беру туралы шешім құпталды.
- Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасына 929,5 млн теңге қарастырылды. Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы 150 орындық Өнер мектебінің құрылысын жалғастырып, Қарғалы тұрғын алабындағы бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге Алға ауданы Маржанбұлақ ауылы Шығыс тұрғын алабындағы 300 орындық мектептің құрылыс жобасын түзетуге және мектептің сыртқы желілерін салуға қаржы бағытталып отыр. Ақтөбе қаласының бас жоспарын түзетуге 50,9 млн теңге қарастырылып отыр. Осы салада Ырғыз ауданы Ақши, Құрылыс, Құтикөл, Шеңбертал ауылдарындағы орта мектептерді газдандыру және Ақтөбе қаласында 300 орындық ерекше балаларға арналған арнайы балабақша құрылысы үшін 8,1 млн теңге бөлінді»,- деді Ақтөбе облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Ақтөбелік шаруалардың да жағдайы назардан тыс қалмады. Облыс әкімі Асхат Шахаров аудандарға сапары кезінде диқандармен, сонымен бірге мал бағып, өнім көлемін арттырып отырған шаруалармен кездесіп, олардың жағдайын сұрады. Сол кезде көбі субсидия жайын қозғады.
- Ауыл шаруашылығы саласына 4,7 млрд теңге бағытталып отыр. Ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдау үшін жемшөп шығындарының құнын субсидиялауға 2,9 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге бағаны тұрақтандыру шеңберінде бірінші сұрыпты ұнды форвардтық сатып алуға 1,5 млрд теңге, арамшөптер және зиянды организмдермен күресу үшін пестицидтердің құнын субсидиялауға 250 млн теңге берілді»,- деді Ақтөбе облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Отырысқа қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бюджетті нақтылау аясында қаралған барлық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын алға тартты.
- Аудандарды араладым, қаланы да қарап шықтым. Көп құрылыс аяқталмай тұр. Әлеуметтік маңызы бар жобалардың пайдалануға берілуін қамтамасыз ету керек. Кейде сапасыз болып жатыр. Қоғамдық бақылау болғаны дұрыс. Біткен іске қуанғаннан гөрі, қалай атқарылғанын назарға алу керек. Заң ортақ, сондықтан белсенділік танытып, жұмыс істеуіміз керек. Әрі қарай созудың қажеті жоқ. Себебі халықтың сенімін жоғалтып аламыз, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Оның айтуынша, серпіліс жасап, жол жөндеуге де басымдық беру керек.
Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар 872,8 шақырым автожолды жөндеуге және салуға 53,6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78% құрайды. Сонымен қатар, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға 258 бірлік мамандандырылған техникасы бар 50 кәсіпорын жұмылдырылды.