АШМ-нің бұрынғы лауазымды қызметкері сотталды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ауыл шаруашылығы министрлігінің кадрлық және әкімшілік қамтамасыз ету департаменті директорының бұрынғы орынбасары Б. Жолтайға қатысты үкім шығарды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, ол үлестес компанияны қызметтік көлікті жөндеуге заңсыз тарту арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, бұл мемлекетке 3,2 млн теңге сомасында залал келтірді.

- Оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3,4 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды, - деп жазылған ақпаратта.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, өзін жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы ретінде таныстырған адам ұсталды.