Асыл Айтақын Азия чемпионатында күміс алды

Фото: Фото: Olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында ел құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.  

61 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан қазақстандық балуан Асыл Айтақын финалда қырғызстандық Тайырбек Жумабек уулунан 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша отандасымыз күміс жүлдені қанағат тұтты. 

Бұған дейін ел құрамасынан 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ бүгін Талғат Сырбаз (74 келі) қола жүлдеге таласады. Ал, Әділет Давлумбаев (92 келі) пен Абылай Совет (125 келі) жарыс жолынан ертерек шығып қалды.

Айта кетсек, жарыстың алғашқы күні, 11 сәуірде Ризабек Айтмұқан (97 келі) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 келі) қолаға қол жеткізді.

Енді 13-14 сәуір күндері әйелдер, 15-16 сәуірде грек-рим шеберлері боз кілемге шығады.

Құрлықтық додада еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен барлығы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.