- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарда ірі қара мал басын қазіргі 8,2 млн бастан 12 млн басқа дейін арттыру ескерілген. Жыл басындағы асыл тұқымды ірі қара малдың саны 994 мың басты немесе барлық ірі қара малдың 12 пайыз үлесін құраған. Үкімет тарапынан жыл сайын қомақты қаражат бөлінсе де, соңғы 5 жылда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі осы 12 пайыз деңгейінде қалып отыр. Қолданыстағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларға шаруаларды мал басын асылдандыруға ынталандыратын тетіктер мен талаптар енгізілуі тиіс. Мәселен, Ұлытау облысында «Жайлау» бағдарламасын іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 6 жоба мақұлданған. Алайда бұл жобалар іске аспай қалуы мүмкін. Негізгі мәселе - асыл тұқымды малдың бағдарламадағы есептік бағасы мен нарықтағы нақты бағасының арасындағы айырмашылық, - деді Серік Егізбаев.
Оның айтуынша, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар қолда бар артық мал басын нарықтағы бағадан төмен сатуға ынтасы жоқ болса, бұл айырмашылықты фермер өз қалтасынан төлеуге қосымша қаражат іздеуге мәжбүр. Нәтижесінде фермерге белгілі бір мал басын сатып алуға несие мақұлданғанымен, бөлінген қаражат нақты нарықтағы сол көлемдегі малды сатып алуға жетпей отыр. Бұндай ұқсас мәселе «Игілік» және «Береке» бағдарламаларында да бар.
- Осыған орай «Ауыл» партиясы фракциясы бағдарламаларға мал бағасын бекітуде оның құнын есептеу механизмін қайта қарауды ұсынады. Сонымен қатар, мал басын жаппай асылдандыру жұмыстарына «Асыл Түлік» ұйымының потенциалын тарта отырып, арнайы бағдарлама әзірлеп, оның ішінде малды қолдан ұрықтандыру технологиясын жаңғырту қажет. Бұдан бөлек, асыл тұқымды репродукторларды саланың тағы бір жеке субъектісі ретінде заңдастыруды және олардың жұмысын мал басының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында селекциялық жұмысты оңтайландыру үшін ғылыми институттармен үйлестіру қажет, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін асыл тұқымды қой шаруашылығы жайында жазған едік.