Асылхан Көшербай бокстан U23 Азия чемпионатын сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Асылхан Көшербай (65 келі) бүгін бокстан Индонезия астанасы Джакарта қаласында жалауын көтерген 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатын жеңіспен бастады.

Фото: ҚБФ

Отандасымыз 1/8 финалда Бутан өкілі Дечен Доржимен қолғап түйістірген еді. Алғашқы раундтан-ақ отандасымыздың басымдығы бірден білініп, қарсыласынан бір бас жоғары болды. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер отандасымызды бірауыздан (5:0) жеңімпаз деп таныды.

Сондай-ақ бүгін кешкі сессияда (Қазақстан уақытымен 15:00) 1/8 финалда 4-жұпта Нұрасыл Төлебек (60 келі) тәжікстандық Дамир Мубалихонов шаршы алаңға шығады.

Айта кетсек, құрлықтық додаға U23 ерлер құрамасында олардан өзге Нұрзат Оңғаров (50 келі), Бексұлтан Боранбек (55 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Аман Қонысбек (75 келі), Өнер Сейілхан (80 келі), Темірлан Мұқатаев (85 келі), Ибрагим Бeтаев (90 келі), Аслан Елдібайұлы (90 келіден жоғары) сынға түседі. Бас бапкер - Мақсат Бақтыбазаров.

Сондай-ақ құрлықтық додада U23 қыздар, U19 ұлдар және қыздар құрамалары ел намысын қорғайды.

World Boxing ұйымы боксшылардың кезекті жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңа тізімде қазақстандық бірнеше боксшы өздерінің көшбасшы орындарын сақтап қалды.