— Жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 10 пайызға өсуіне байланысты қайта есептелді. Төлем отбасындағы еңбекке қабілетсіз мүшелер мен балалар санына байланысты белгіленеді: бір бала немесе бір еңбекке қабілетсіз мүше – 46 783 теңге, екі бала – 86 447 теңге, үш бала – 114 415 теңге, төрт бала – 132 213 теңге, бес бала – 139 841 теңге, - деді Асқар Аймағанбетов.
Оның айтуынша, алты және одан да көп бала болған жағдайда жалпы жәрдемақы 152 553 теңге мөлшерінде есептеліп, отбасының барлық еңбекке қабілетсіз мүшелеріне тең үлеспен бөлінеді.
— Егер балалар ата-анасының екеуінен де айырылса, әр балаға ай сайын 78 311 теңге төленеді. Сонымен қатар еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 31 528 теңге қарастырылған. Бұл сома белгіленген шектен аспайды, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар қайтыс болған асыраушы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлем қарастырылған.
— 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана қаласында асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем 4 285 адамға тағайындалды. Орташа төлем мөлшері 67 150 теңге, - деп толықтырды Асқар Аймағанбетов.
Айта кетейік, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақының мөлшері артқаны хабарланған еді.