Әскерге көшеден еріксіз жеке көлікпен алып кету заңсыз — Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскери міндетін өтеуден жалтарып жүрген жастарды еріксіз көлікке тиеп алып кетуге қатысты түсінік берді.
— Әскерге шақыру алгоритмі бар, ол жергілікті әскери басқару, атқарушы органдар және полиция қызметінің қаулысымен бекітілген. Сіздер желіде тараған видеолардан бір бөлігін ғана көретін шығарсыздар, ал негізінде қызметтік куәлігін көрсетіп, көнбеген жағдайда ғана қолданылатын шара. Ішкі істер министрлігінің өкілі көлікпен алып кетуге міндетті. Бұл жерде Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері полицейлерге көмекші, — деді Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері министрдің орынбасарынан әскерге шақырылғандарды көшеден жеке көлікпен алып кетудің заңдылығын сұрады.
— Болған екі жағдай бойынша қызметтік тексеру өтті, заң бойынша шара қабылданды. Бейнероликтегі жеке көлік мүмкін Қорғаныс министрлігіне тиесілі шығар. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне тиесілі көліктермен тасымалдайды, жеке көлікпен тасымалдаса заңсыз, — деп толықтырды Ш. Жазықбаев.
Сондай-ақ, брифинг барысында Қорғаныс министрінің орынбасарынан Қазақстан әскері қашан толық қазақшаланатыны сұралды.
Еске сала кетсек, былтыр Қорғаныс министрлігі полицияның әскерге шақырылғандарды мәжбүрлеп жеткізуге құқылы екенін хабарлаған еді.
Одан бөлек, министрлік әскерге көшеден еріксіз алып кетсе, сотқа беруге бола ма деген сауалға жауап берді.