Әскери бөлімшелерге жасанды интеллектісі бар бейнебақылау неге керек
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрінің орынбасарыДархан Ахмедиев әскери бөлімшелерге жасанды интеллекті жүйесі бар бейнебақылауды енгізу мен сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымға қатысты түсінік берді.
— Президент тиісті тапсырманы берді, ал Бас прокуратура тиісті жұмысты бастап кетті. 23 қарашада арыз-шағымдарды қарастырудың нәтижесі жарияланады, — деді Д. Ахмедиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, заңсыз әркеттерге жол бермеу мақсатында барлық әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйесі орнатылған.
— Бірақ оның бәріне жасанды интеллекті жүйесін енгізу жұмысы бөлінетін қаражатқа байланысты болмақ. Министрдің тапсырмасы бойынша келер жылы осы мәселені толық шешуім керек. Сондықтан қазір Қаржы министрлігімен осы бағытта тиісті іс-қимылдарды жүзеге асырып жатырмыз, — деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, жасанды интеллекті қосылса, Face ID арқылы бөлімшеде жүрген адамдарға қатысты толық бақылау болады.
— Ол жүйе жұмысқа келген әскерилердің санын, олардың кірген уақытын, қызмет орнында кімдердің тұрғанын, қоймаға рұқсаты бар адамдардың кіруін, топтасып жиналған әскерилер тұрған орынды, құлаған сарбаздарды, дәретханадан ұзақ уақыт бойы шықпай жатқан адамдарды анықтайды. Бұл жүйе толықтай іске қосылса, әскердегі тәртіпке оңтайлы әсер ететініне сенемін. «Ақылды» камералар арқылы көптеген проблемадан құтыламыз. Осы видеодағы деректер әскери полицияға жолданады. Сонымен қатар, кейбір аналитика әскери бөлімшенің өзіне жіберіледі, — деді Дархан Ахмедиев.
Айта кетейік, 10 қараша күні Президент әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастыру керек екенін айтып, Бас прокурорға тиісті тапсырма берді.
Өз кезегінде Бас прокурор Берік Асылов Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайтынын мәлім етті.