— Жасанды интеллект арқылы басқарылатын бұл камералар әскердегі заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоятынына нақты сенемін. Қазір бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы бағытта конкурстық рәсімдерді өткізіп жатыр. Алайда осы рәсімдерді күтпей, кейбір әскери бөлімшелерде аталған бейнекамералар орнатылды. Оған жасанды интеллект элементтері енгізілді. Сондықтан камералар орнатылған орындарда заңсыз әрекеттер болмауы тиіс, — деді Дархан Ахмедиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жаңа жүйе әскери бөлімге кімдер келгенін, бөлімше аумағында неше адам жүргенін есептеп отырады. Сондай-ақ адамдар топталып жинала бастаса, жауапты адамдар негізсіз орнынан кетіп қалса, осы камералар кезекшілерге белгі береді. Мұнымен қоса, әскери техника да осы камералар арқылы бақылауда болады.
— Қазір үш әскери бөлімшеде мұндай жаңа жүйе іске қосылды. Жылдың соңына дейін 105 бөлімшеге орнатамыз. Осы іс-шаралардың барлығына қаражат бөлінді, — деді министрдің орынбасары.
Бұдан бұрын Қазақстан әскеріндегі заңсыз әрекеттерді анықтау үшін бейнебақылау жүйесі жаңартылатынын жазған едік. Бейнебақылау камералары жасанды интеллект арқылы басқарылады.