«Қазіргі уақытта Қорғаныс министрі полк командирі Біралинов пен бөлім штабының бастығы Шолбековті қызметінен босату туралы шешім қабылдады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров ел Үкіметі отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл тәртіптік шешім және оларға қатысты қылмыстық іс қозғалмайды.
«Үкіметтік комиссия тарапынан аталған оқу-жаттығу шараларын өткізуді ұйымдастыруға қатысты сұрақтар болды. Сондықтан Қорғаныс министрі аталған лауазымды қызметкерлерді лауазымдарынан босату туралы шешім қабылдады», - деді Мұхтаров.
Еске сала кетейік, ақпанның 17-сі күні Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында болған қар көшкіні кезінде әскери дайындықтарын жүргізген әскерилер қаза тапты. 16 адам құтқарылса, 7 сарбаз қайтыс болды. Ресми мәліметке сәйкес, қайтыс болған сарбаздардың отбасыларына 5 жылдық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі.