Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен GSMA жаһандық қауымдастығы AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, 2027 жылдың күзінде Астанада M360 Eurasia халықаралық форумы өтеді.
Ауқымды шара жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық инклюзивтілікті кеңейтуге, нормативтік-құқықтық реттеу мәселелеріне және заманауи байланыс инфрақұрылымын ілгерілетуге арналады. Шара бір алаңда халықаралық сарапшыларды, реттеушілерді, технологиялық инноваторларды және Орталық Азия мен әлемнің жетекші нарық қатысушыларын біріктіреді. Форумның қабылдаушы демеушісі — Beeline Қазақстан (VEON тобы).
M360 Eurasia форумын өткізу орны ретінде Қазақстанның таңдалуы елдегі цифрлық трансформация үдерістерінің қарқынымен және ЖИ-экожүйесінің дәйекті дамуымен байланысты. Елде арнайы заңнама мен ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданып, кадрлар даярлау мен стартаптарды қолдауға арналған AI-Sana бағдарламасы сәтті жұмыс істеп тұр, сондай-ақ білім беруді, ғылыми-зерттеу қызметін және мемлекеттік секторға ЖИ-шешімдерін енгізуді біріктіретін Alem.ai платформасы іске қосылды.
Цифрлық бастамалардың табысты болуы телекоммуникациялық инфрақұрылымды ауқымды модернизациялаумен қуатталуда: 5G желілерін белсенді енгізу, өңірдегі құрылғылармен тікелей байланыстың (direct-to-device) алғашқы прототипін тестілеу, спутниктік байланысты дамыту, қуаты 1 ГВт-қа дейінгі деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) ірі кластерін салуға дайындық және Каспий үсті талшықты-оптикалық бағыты жобасын жүзеге асыру.
— 2027 жылы Астанада GSMA M360 Eurasia халықаралық форумын өткізу — Қазақстанның өңірдегі негізгі цифрлық және телекоммуникациялық хаб ретіндегі мәртебесін кезекті рет дәлелдейтін маңызды оқиға. GSMA — жетекші мобильді операторлардың басын қосатын және бүкіл саланың стандарттарын айқындайтын ең ірі жаһандық ұйым. Еліміз үшін M360 Eurasia форумын өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ Орталық Азияда және одан тыс жерлерде инфрақұрылымдық, телекоммуникациялық және ЖИ-бастамаларын ілгерілетуге арналған беделді алаңға айналады, — деп Жаслан Мадиев алдағы форумның маңыздылығын атап өтті.
Ал GSMA-ның Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Ласло Тот Қазақстанның цифрлық экожүйесімен көпжылдық жемісті ынтымақтастықты атап өтті.
— M360 Eurasia форумын Қазақстанда өткізу туралы шешім GSMA мен елдің цифрлық экожүйесі арасындағы берік әрі көпжылдық серіктестікті көрсетеді. Радиожиілік спектрі саласындағы саясаттан бастап 5G желілерін өрістетуге, цифрлық инфрақұрылымға, ЖИ саласындағы инновацияларға және жергілікті тілдерде ЖИ-шешімдерін әзірлеуге дейін — біз өңірде бірқатар стратегиялық басымдықтар бойынша өсіп келе жатқан серпінді көріп отырмыз. Астана — өңірдің және одан тыс аумақтардың сала көшбасшыларын, реттеушілерін және инноваторларын цифрлық экономиканың болашағын бірге айқындау үшін біріктіретін M360 Eurasia жаңа тарауының табиғи алаңы, — деді ол.
Beeline Қазақстан холдингінің бас директоры Джаббор Каюмов:
— Қазақстанда телекоммуникациялық және цифрлық компаниялардың өте күшті қауымдастығы қалыптасты, ал жақында іске қосылған Starlink Mobile сияқты инновациялар еліміздің ең озық шешімдерді енгізуге қабілетті екенін көрсетеді. M360 Eurasia 2027 форумы жинақталған сараптамалық тәжірибемен халықаралық аудиториямен бөлісуге мүмкіндік беріп, оны жаһандық технологиялық экожүйеге одан әрі интеграциялауға ықпал ететініне сенімдімін, — деді.
Анықтама: GSMA — мобильді экожүйені біріктіретін жаһандық ұйым. Мүшелері үшін ұйым 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: «Игілікке арналған байланыс» (Connectivity for Good), «Салалық сервистер мен шешімдер» (Industry Services and Solutions) және «Өзара іс-қимыл мен ілгерілету» (Outreach). Ұйым нормативтік-реттеу саясатын жетілдіруді, әлеуметтік мәселелерді шешуді, технологиялардың үйлесімділігін қолдауды және MWC мен M360 халықаралық іс-шаралар сериясын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Министр Жаслан Мәдиев бұған дейін Қазақстан жасанды интеллектінің энергетикалық және чиптік инфрақұрылымнан бастап, үлкен тілдік модельдер мен қолданбалы шешімдерге дейінгі барлық бес деңгейін жүйелі түрде дамытуды көздеп отырғанын айтты.