Astana AI Film Festival байқауына 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Astana AI Film Festival халықаралық байқауына биыл әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс түсті. Фестиваль 1–3 қазан күндері Астанада өтеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Өтініш қабылдау 7 қыркүйекте аяқталды. Байқауға 4 756 автор қатысқан.

Ең көп жұмыс АҚШ-тан түсті — 1 395. Қазақстан 829 жұмыспен өтінім саны бойынша екінші орында тұр. Үндістаннан 702, Қытайдан 550, Оңтүстік Кореядан 349 жоба ұсынылған. Өтінім саны бойынша алғашқы ондыққа Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция да енді.

Байқаудың негізгі тақырыбы — The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Осы тақырып бойынша 3 138 фильм ұсынылды. Бұл — барлық жұмыстың шамамен 40 пайызы. Тақырыптық шектеуі жоқ ашық бағдарламаға 4 929 жұмыс түскен.

Фильмдер байқауға арнайы әзірленген. Авторлар жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, жанр, драматургия мен көркемдік тіл тұрғысынан түрлі тәсілді сынап көрген. Жалпы байқау бағдарламасы 19 жанрды қамтиды.

— Осыдан бірнеше ай бұрын ғана халықаралық байқауды бастаған едік. Бүгінде 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс қабылдап отырмыз. Бұлар — жасанды интеллект мүмкіндігін сынау үшін жасалған жекелеген тәжірибелер емес, күрделі оқиғасы, кейіпкерлері мен тұтас кино әлемі бар толыққанды фильмдер. Мұндай ауқым AI-киноның қаншалықты жылдам дамып келе жатқанын көрсетеді, — деді фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмаз Жали.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Фестивальдің жүлде қоры — 1 млн доллар. Оның 750 мың доллары негізгі тақырыптағы үздік жұмыстарға беріледі. Қалған 250 мың доллар ашық бағдарламадағы «Үздік кейіпкер», «Үздік режиссура», «Үздік визуалды тіл», «Үздік оқиға» және «Үздік концепция» аталымдарына бөлінеді.

Бұдан бөлек, әлеуеті жоғары AI-командаларға 1 млн доллар инвестиция қарастырылған. Бұл қаржыны кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан ұсынды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біз мықты жобалардың фестиваль аяқталғаннан кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан жүлде қорынан бөлек, инвестиция қарастырылды. Бұл авторларға өндірісті жалғастыруға, жобаларын кеңейтіп, Қазақстанда одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта іріктелген командалар Astana Hub қатысушысы атана алады, — деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзат Құсайынов.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Осылайша, жүлде қоры мен инвестицияның жалпы көлемі 2 млн долларды құрайды.

Фильмдерді халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі бар.

Финалға шыққан фильмдер Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрсетіледі. Фестиваль бағдарламасында пікірталастар, шеберлік сабақтары мен марапаттау рәсімі де бар. Байқау жеңімпаздары 3 қазанда белгілі болады.

Бұған дейін Astana AI Film Festival байқауына 90-нан астам елдің өкілдері қатысуға ниет білдіргенін жазған едік.