«Астана-Ақтау» бағытында ұшқан ұшақ қозғалтқышы істен шығып, әуежайға қайтып келді

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАҚпарат - Кеше кешкі сағат 20.05-те Астана қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне «КазАэроНавигация» ұшу жөніндегі басшысынан «Астана-Ақтау» бағытында ұшқан Эбраер-190 бортының оң қозғалтқышы жұмыс істемей қалғандығы туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады ҚР ІІМ Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.

Ұшу кезінде әуе кемесінің бортында 80 жолаушы және 6 экипаж мүшелері болған.

Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің (ЖПБ) жеке құрамы «Жиналу» дабылы бойынша шақырылды, қону кезінде жеке құрамның 70 пайызы жиналды. Дабыл бойынша оқиға орнына 10 адамнан тұратын кезекші жасағы және жедел-тергеу тобы шығарылды. Қону орны қоршауға алынып, әуежай қызметінің барлығы сақадай сай тұрды.

Сағат 20.44-те ұшақ Астана қаласы әуежайының тұрағына сәтті қонды. Зардап шеккендер жоқ. Тергеу амалдары жүргізілуде.