Астана әуежайында қолайсыз ауа райына байланысты рейстер кешігіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір әуежайда күрделі метеорологиялық жағдай қалыптасты — мұзды жаңбыр жауып тұр. Осыған байланысты ұшып келуі тиіс 11 рейс, ұшып кетуі тиіс 4 рейс кешіктіріліп, 1 рейс тоқтатылған.

Фото: Мухтор Холдорбевов/Kazinform

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының мәліметінше, әуежайдың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Рейстер бойынша қазіргі жағдай мынадай:

Ұшып келуге:

  • Кешіктірілгені — 11 рейс
  • Тоқтатылғаны — 1 рейс (ауа райы жағдайына байланысты)

Ұшуға:

  • Кешіктірілгені — 4 рейс

— Кідірістердің негізгі себебі — қолайсыз ауа райына байланысты әуе кемелерінің кешігіп келуі. Жолаушылардан онлайн-таблоны, әуе компанияларының ресми ақпаратын және терминалдағы хабарландыруларды қадағалап отыруды сұраймыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз, — делінген әуежай таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлаған еді.