Astana Finance Days: Қазақстан қандай жобаларға шетелдік инвестиция тартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Astana Finance Days аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев инвесторларға қандай жобалар ұсынылып жатқанын айтып берді.

Оның айтуынша, АХҚО тау-кен саласында жұмысын енді бастаған компанияларға инвестиция тартуға бағытталған Junior Mining Platform бағдарламасын іске асыруды қолға алып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Мұндай компанияларға қаржы салуға дайын инвесторлар Қазақстанда ғана емес, әлемде де аз. Өйткені бұл салаға инвестиция салудың тәуекелі жоғары. Мәселен, 100 жобаның шамамен 10-ы ғана сәтті болуы мүмкін. Сондықтан мұндай тәуекелге кез келген инвестор бара бермейді, — деді Жанболат Кәкішев.

Бағдарлама аясында бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлерден тау-кен саласындағы жобалар қабылданып, оларды арнайы жұмыс тобы қарастырған. Спикердің мәліметінше, соның нәтижесінде 23 жоба іріктеліп алынды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Енді Astana Finance Days аясында осы жобалардың авторлары өз ұсыныстарын шетелдік инвесторларға тікелей таныстырып жатыр. Форумға осы бағыттағы жобаларды қарастыру үшін Оман, Ұлыбритания және Қытайдан инвесторлар келді. Бұл бағдарламаны тұрақты түрде жүргізетін болсақ, оның нақты нәтижесін көреміз деп ойлаймын, — деді ол.

Форумда креативті индустрия саласындағы қазақстандық жобалар да инвесторларға ұсынылады. Бұл бағыттағы жобаларды да арнайы жұмыс тобы алдын ала іріктеп алған.

Жанболат Кәкішевтің сөзінше, іріктелген 23 жобаның 70 пайызы GameDev, яғни компьютерлік ойын әзірлеу саласына қатысты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біз кино немесе музыка саласындағы жобалар көбірек болады деп ойлаған едік. Бірақ ойын әзірлеуге қатысты жобалар көп болып шықты. Бұл біздің жастардың жаңа бағыттарға бет бұрып жатқанын көрсетеді, — деді АХҚО өкілі.

Шетелдік инвесторлар тау-кен және креативті индустриядан бөлек, Қазақстанның көлік және логистика саласындағы жобаларына да назар аударып отыр. Бұған Орта дәліздің дамуы және осы бағытта жүк тасымалының артуы әсер еткен.

Жанболат Кәкішевтің айтуынша, әр инвестор өз бағытына сай жобаларды қарастырады. Мәселен, тау-кен саласында жұмыс істейтін еншілес компаниялары бар ірі қорлар Қазақстандағы осы салаға қатысты жобаларға қызығушылық танытып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ Astana Finance Days аясында қазақстандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың тікелей кездесіп, жаңа жобалар бойынша келісім жасауына арналған арнайы алаң жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін елордада өтіп жатқан Astana Finance Days форумына 8 мыңға жуық қатысушы тіркелгені хабарланды.