«Астана» футбол клубы Қазақстан чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубы жеті дүркін чемпион атанып, Қазақстан чемпионатының рекордын жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық команда биыл қарсыластар қақпасына 65 гол соқты. Ал өз қақпасына 24 гол енгізіп алды. Бұл - өзге командалармен салыстырғанда ең аз көрсеткіш.

Осылайша «Астана» 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019, 2022 жылдарда Қазақстан чемпионатында үздік атанып, бұл жөнінен үздік көрсеткішке қол жеткізді.

Сондай-ақ ел біріншілігінде Павлодардың «Ертісі» мен «Ақтөбе» бес-бес мәрте алтын медальға ие болса, Алматының «Қайраты», Семейдің «Елімайы» және Астананың «Жеңісі» үш-үш мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал Қостанайдың «Тобылы» мен Қарағандының «Шахтері» екі рет «алтыннан» алқа тақса, мұндай табысқа «Тараз» бір мәрте қол жеткізді.

Еске салсақ, биыл Премьер-лигадан Түркістанның «Тұраны» мен Оралдың «Ақжайығы» шығып қалды.

Олардың орнын бірінші лигада алғашқы екі орынға ие болған Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Қызылорданың «Қайсары» басты.


Фото: www.instagram.com/fca.astana