Спикер өткен жылы елордада жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік көрсеткіштер жақсарып, қалалық инфрақұрылым қарқынды дамығанын тілге тиек етті.
– Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ға дейін төмендеп, жоспарланған 4,6%-дан аз болды. Даму жоспары кезеңінде 280 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, оның 87,2 мыңы 2025 жылы ашылды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 73,11 жастан 78,8 жасқа жетіп, бастапқы деңгеймен салыстырғанда 5,6 жылға артты,-деді басқарма басшысы.
Сонымен қоса ол әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
– Қалада балалар саны 410 мыңнан 530 мыңға дейін өсті. Бұл өз кезегінде білім беру жүйесіне қосымша жүктеме түсірді. Осыған байланысты соңғы жылдары 110 мың оқушы орнына арналған 44 мектеп салынды, оның 23-і 2025 жылы пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымды оқыту толық жойылды,-деді Айжан Әлімқызы.
Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім беру саласын қамту да 97,3%-ға жеткен, бұл бағытқа шамамен 60 млрд теңге бөлінген.
– Жалпы алғанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау салаларындағы міндеттемелер толық көлемде орындалды,-деді спикер.
Бұған дейін Астана халқы 2035 жылға қарай 2,4 млн адамға жетуі мүмкін екенін жаздық.