Астана халқы 2035 жылға қарай 2,4 млн адамға жетуі мүмкін — әкім
АСТАНА. KAZINFORM — 2035 жылға қарай Астана халқының саны 2,3-2,4 млн адамға жетеді деп болжанып отыр. Осыған байланысты елордада жаңа бас жоспар әзірленіп, қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым қамтылып жатыр.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында айтты. Әкімнің мәліметінше, жаңартылған бас жоспар алдағы 2-3 ай ішінде қабылданады деп күтіліп отыр. Құжатта халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік нысандар мен күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі қамтылған.
— Қазір қаланың бас жоспарын жаңартып жатырмыз. Оны 2-3 айдың ішінде қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін Астана халқының саны 2,3-2,4 млн адамға жетеді деп болжанып отыр. Сондықтан сол кезеңге қажетті жалпы инфрақұрылымды дайындап жатырмыз. Әлеуметтік нысандар мен күнделікті өмірге қажет инфрақұрылымдардың барлығы жоспарда көзделген, — деді әкім.
Жеңіс Қасымбек атап өткендей, қазір елордада тұрақты тұратын халық саны 1,7 млн адамға жеткен. Сонымен қатар күн сайын Астанаға жақын елді мекендерден келетін адамдар саны 200 мыңнан асады.
— Қазіргі кезде қалада тұрақты тұратын адамдар саны 1,7 млн-ға жетті. Күнделікті миграция бар. Қосшы қаласынан, Талапкерден, Қояндыдан, Аршалыдан, Нұра ауданынан және басқа да ауылдардан келетін адамдар саны 200 мыңнан асады. Тек Қосшының өзінен күн сайын 60-70 мың адам қатынап жүреді. Сонымен қатар қалада тіркеусіз тұрып, жұмыс істеп жүрген шамамен 100 мың адам бар. Осылайша күн сайын Астанада 2 млн-ға жуық адам болады, — деді әкім.
Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек елордадағы ауыз су мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада су тапшылығы жоқ және бірнеше жылға жететін қор қалыптасқан.
— Бұған дейін ауыз су тапшылығы болды. Қазір ондай мәселе жоқ. Бізде бірнеше жылға жететін профицит бар. Үшінші сорғы-сүзгі станциясын аяқтадық. Бұл жоба алдағы 3-4 жылға кепілдік беріп отыр. Сонымен қатар жаңа жоба басталды. Сәтбаев атындағы Ертіс — Қарағанды каналынан су құбыры тартылып жатыр. Жоба 2028-2029 жылдары аяқталады. Соның нәтижесінде қалада төртінші станция пайда болады. Жоба іске қосылғаннан кейін алдағы 10 жылға жететін мүмкіндік болады. Су мәселесі толық шешіледі. Қазір су тапшылығы жоқ. Алайда кепілдік болу үшін осындай инфрақұрылым қажет, — деді ол.
Бұған дейін Қазақстан халқының саны жөнінде жаңа деректер жарияланғанын жазған едік.