Астана ІІД көлік басқарған бала жайлы видеоға қатысты тексеру жүргізіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полицейлері әлеуметтік желілерде жүргізушінің алдында бала отырғаны көрсетілген видео жарияланғаннан кейін  тексеру жұмыстарын жүргізе бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жол жүру ережесін бұзу әрекеті айқын көрсетілген видеоны «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының басшысы Әрсен Шакуов жариялады.

«Бұл видеожазба біздің 7700 7172 102 whatsapp номерімізге келіп түсті. Жіберген адам ондағы «камридің» жолды кесіп, бір жолдан екінші жолға өтіп келе жатқандықтан, мас деп ойладық, алайда көлікті ештеңені түсінбейтін кішкентай бала басқарып отырды деп түсіндіреді. Ата-анасының немесе алдына отырғызған адамның  балаға соншалықты немқұрайлы қарағандығы ашуландырды», - деп жазды «Ортақ жолдың» Фейсбуктегі парақшасында Әрсен Шакуов.

Видео астына ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина «Астана ІІД аталған дерек бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр» деп пікір қалдырды.