Астана қалалық ІІД қызметкерлері туыстары 15 жыл бойы іздеген азаматты тапты

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің кәсіби іс-қимылының арқасында туған-туыстары 15 жыл бойы іздеп келген азамат табылды,

деп хабарлады аталған органның баспасөз қызметінен.

Соңы қуанышты аяқталған бұл оқиға былай басталған еді. Бірде полиция қызметкерлерінің назарына жеке басын куәландыратын төлқұжаты және тұрақты тұрғылықты жері жоқ азамат ілікті. Ол құқық қорғау органдарына өзінің 1978 жылы Павлодар облысында дүниеге келгенін айтып, аты-жөнін Дудко Сергей Григорьевич деп таныстырады. Дегенмен оның құжаты болмағандықтан қалалық ішкі істер департаментінің қабылдау-тарату орнына орналастырылады.

Ұсталған азаматтың кім екендігінің анықтау және туыстарын іздеу барысында Павлодар облысының тұрғыны Дудко Светлана Павловна табылады. Ол телефонмен тілдесу барысында Дудко Сергей Григорьевичті танымайтындығын, бірақ 1998 жылы ұлы Поляков Григорий Григорьевич із-түссіз жоғалып кеткендігін айтады.

Бұдан әрі Дудко Сергей Григорьевич жоғалып кеткен Г.Г.Поляков екендігі анықталды. Поляковтың өзінің айтуынша, ол 1998 жылы бас сүйек-ми зақымын алып, есін жартылай жоғалтып алған. Сол кезеңде бір қызбен танысып, онымен Ақмола облысына келген. Кейіннен ол қызбен дәм-тұзы жараспай ажырасқан.

Анасының айтуынша, ол ұлының табылатындығына сенімді болып, осы уақытқа дейін іздеп келген.