Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа басшы тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі ТЖ комитетінің төрағасы генерал-майор В.В.Петров Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымын жаңа басшы - өртке қарсы қызмет полковнигі Барат Оспанұлы Дұзақбаевпен таныстырды.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың бұйрығымен тағайындалды.

Өртке қарсы қызмет полковнигі Б. Дұзақбаев 1965 жылы 5 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында дүниеге келген. Тағайындауға дейін Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары қызметін атқарған. Б. Дұзақбаев өртке қарсы қызмет органдары жүйесінде 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол әр түрлі лауазымдарда қызмет еткен, еңбек жолын өрт сөндіру бөлімінің инспекторы қызметінен бастаған. Ресей ТЖ министрлігінің Санкт-Петербург Мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін тәмамдаған. Департамент бастығының орынбасары лауазымында Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының, аудандық Төтенше жағдайлар басқармаларының мемлекеттік өрт бақылау бөлімшелерінің, Астана қ. ТЖД «ӨСҚ және АҚЖ» ММ жұмысына жетекшілік етті.

ІІ, ІІІ-ші дәрежелі «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер», «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайларының алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасының Президентінің алғыс хатымен марапатталған.

Үйленген, 2 баласы бар.