— Астана қаласының нөсерлі кәріз жүйесіне 20 тазарту құрылысы, 1 жинақтаушы тоған және нөсерлі, дренаждық және арық-лоток желілерінің 621,6 км магистральдық коллекторлары кіреді. Қолданыстағы инфрақұрылым 20,1 мың гектардан астам аумақтағы жерүсті ағынды суларды бұруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құрылыс тығыздығының жоғары болуына және құбыржолдарын жүргізуге бос аумақтардың болмауына байланысты нөсерлі кәріз желілерін барлық аумақта техникалық тұрғыдан жүргізу мүмкін емес, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ҚР Құрылыс нормаларына сәйкес, жауын-шашын 20 минуттан артық құйып жауғанда, көшелерге уақытша су жиналуы қалыпты құбылыс саналады. Алайда жолдардағы жауын суы 2-4 сағат ішінде сорып алынып, көшелер тазартылуы тиіс.
Сонымен қатар, басқарма көшелерге су толған жағдайда мамандар қалай жұмыс істейтіні түсіндірді.
— Қатты жаңбыр жауған жағдайда оның салдарын жою және жиналған суды сорып шығару үшін қажет болған жағдайда коммуналдық қызметтердің арнайы техникасы мен тиісті авариялық бригадалары тартылады. Тартылатын техника мен жұмысшылардың саны жауын-шашын көлеміне, су басқан учаскелердің саны мен аумағына, сондай-ақ қалыптасқан жедел жағдайға қарай айқындалады. Жекелеген жағдайларда қаланың бірнеше учаскесінде бір мезгілде су басу жағдайлары туындаған кезде қосымша арнайы техниканы тарту қажеттілігі туындауы мүмкін. Осыған байланысты барлық учаскелерде жұмыстарды бір уақытта жүргізу үшін қолда бар күштер мен құралдар жеткіліксіз болуы ықтимал. Суды сорып шығару және су басу салдарын жою жұмыстары алдымен неғұрлым проблемалы учаскелерде жүргізіліп, қажет болған жағдайда техника мен жұмыс күштері кейіннен қайта бөлінеді, — делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Астана көшелерін су басқан соң, су сору жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.