Астана күні: елорданың алты ауданында жұлдыздар өнер көрсетіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана күніне орай елорданың барлық алты ауданындағы тұрғын алаптарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттер өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Мерекелік бағдарламалар сағат 11:00, 12:00 және 14:00–де басталып, қаланың ондаған алаңында ұйымдастырылып жатыр.

Байқоңыр ауданы

Сағат 11:00–ден бастап Өндіріс және Кірпішті тұрғын алаптарында мерекелік концерттер өтіп жатыр. Концерт басталар алдында тұрғындар мен кішкентай бүлдіршіндер үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Фото: Астана әкімдігі

Сахнада Айгүл Иманбаева, Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, «Өркен» триосы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді.

Есіл ауданы

Мерекелік іс-шаралар Пригородный, Бағыстан тұрғын алаптарында және «Орман парк» тұрғын үй кешенінде өтіп жатыр. Пригородный мен «Орман парк» тұрғын үй кешеніндегі концерттер сағат 11:00–де басталса, Бағыстандағы мерекелік бағдарлама сағат 14:00–де басталады.

Фото: Астана әкімдігі

Балалар мен отбасыларға аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы әзірленген. Көрермендер алдында Лұқпан Жолдасов, Меруерт Бақыт, DOS тобы, Нұрлан мен Мұрат дуэті, Құрмаш Махан және басқа да әншілер өнер көрсетеді.

Нұра ауданы

Сағат 11:00–де Үркер тұрғын алабындағы «Айғыржал» саябағында мерекелік концерт басталды. Ал сағат 14:00–де мерекелік бағдарлама «Жағалау» саябағында жалғасады.

Фото: Астана әкімдігі

Тұрғындар мен қонақтар үшін «Астана» тобы, Айдын Жұмабай, «Томирис» триосы, Мади Қадыров және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді.

Сарыарқа ауданы

Сағат 11:00–ден бастап Көктал тұрғын алабындағы «Қорғалжын» саябағында Астана күніне арналған мерекелік концерт өтуде.

Концерттік бағдарламамен қатар тұрғындар мен қонақтарға ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылған. Оған кез келген адам қатыса алады, ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.

Фото: Астана әкімдігі

Сахнада Нұрлан мен Мұрат дуэті, Айдын Жұмабай, «Астана» тобы және басқа да орындаушылар өнер көрсетуде.

Сарайшық ауданы

Мерекелік концерттер ауданның екі алаңында ұйымдастырылды. Өнеркәсіп тұрғын алабындағы іс-шаралар сағат 12:00–де басталса, «Отау» шағынауданындағы концерт сағат 14:00–де басталады.

Көрермендер алдында Айгүл Иманбаева, Медет Шайкелов, Берік Ержанов, QAZAQ VOICE тобы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді.

Алматы ауданы

Сағат 14:00–де Теміржолшылар тұрғын алабында және «Жерұйық» саябағында мерекелік концерттік бағдарламалар басталады.

Фото: Астана әкімдігі

Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін Асан Әбдіралдин, Тұрар Төлеутай, Аллажар Қайбар, Еркебұлан мен Бауыржан дуэті, сондай-ақ қазақстандық эстраданың басқа да өнерпаздары өнер көрсетеді.

Бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауын жариялады.