«Нұр Ақтөбе» шағынауданы пәтерлерінің 45 кілті салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, пәтер иелерін Астана күнімен құттықтады, денсаулық, тыныштық және құт-береке тіледі.
Сонымен бірге, индивидуалды тұрғын үй құрылысында жер теліміне кезекке тұрғандарға жер телімдерін табыстау рәсімі өтті. Онда 500 жер телімінің құжаттары берілді.
- Ақтөбеде 102 мың адам жер теліміне кезекте тұр, 2003 жылдан бері кезек күтіп жүргендер бар. Біз осы мәселені шешуге тырысамыз. 2016 жылы 5 мың жер телімін беруді жоспарлап отырмыз. 2017 жылы - 15 мың, ал 5 жылда барлық кезек күтушілерді жер телімімен қамтамасыз ету керек. Ол үшін алдын ала инфрақұрылым жасау қажет, - деді әкім.
85 жастағы Жұпар Қазақова бүгін жаңа пәтерге қоныстанды. Зейнеткер 1 бөлмелі пәтер кілтін алды. 75 жастағы Зылиха Әйтешева 3 бөлмелі пәтерге ие болды. 9 баланың анасы 10 жыл бойы баспана кезегінде тұрған. Қоныс тойын балаларымен және 14 немересімен, 12 шөбересімен бірге тойлайды.